Claude чат-ботын әзірлеуші американдық Anthropic компаниясы акцияларының бастапқы жария орналастыру бағасын бір қағаз үшін 83 доллар деңгейінде бекітті. Бұл көрсеткіш әуелде жарияланған 70–78 доллар диапазонынан асып түсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бекітілген бағаға сәйкес компанияның толық құны 1,5 триллион долларды құрайды. Акциялар Nasdaq биржасында «ANT» тикерімен бейсенбі күні саудаға шығады. TechCrunch басылымы атап өткендей, орналастыруға ірі инвесторлар мен технологиялық серіктестер қатысады.
Жаңа көрсеткіш стартаптың мамыр айында жеке қаржыландырудың соңғы раунды аясында 65 миллиард доллар тартқаннан кейін алған 965 миллиард долларлық бағасынан айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар ол компания бірнеше ай бұрын көздеген 2 триллион долларлық мақсатты бағдардан төмен.
Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг кеткеннен кейін жасанды интеллект секторындағы нарықтық құбылмалылыққа қарамастан инвесторлардың жоғары сұранысы сақталды.
Anthropic акцияларының ең ірі стратегиялық ұстаушылары — шамамен 15 пайыз үлесі бар Amazon және 14 пайызға жуығын иеленетін Google. Сонымен қатар AMD, Broadcom, Google, Micron, Microsoft, Nvidia және TSMC Partners кіретін технологиялық корпорациялар тобы жабық орналастыру аясында 26 миллиард долларлық дауыс беру құқығы жоқ акцияларды сатып алуға келісті.
Компанияның бас директоры Дарио Амодейді қоса алғанда, жеті негізін қалаушы IPO барысында әрқайсысы шамамен 3,4 миллион акциядан сатып, әрқайсысы 282 миллион долларға жуық түсім алды.


