Биыл Қазақстанда тіркелген экстремалды температура болашақта әдеттегі құбылысқа айналуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz.
Бұған дейін шілде айындағы аптап ыстық бірнеше қалада температура максимумын жаңартқаны хабарланған болатын. Шымкентте 111 жыл бойы сақталған рекорд жаңартылып, ғасырда алғаш рет термометрлер 45 градустан асты. Сондай-ақ Түркістан мен Алматыда да жоғары температура тіркелді.
Әдетте климатологтар температура мәндерін аномалды деп атауға асықпайды, бірақ биылғы жаз тіпті мамандарды да таңғалдырды. «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратованың айтуынша, температура аномалиясы +2,96 градусты құрады, ал ең жылы 10 жылдың 9-ы XXI ғасырға тиесілі. Қазақстанда жаз 2014 жылдан бастап қатарынан 12 жыл бойы нормадан жылы болды. Бүкіл ел бойынша 30 градустан жоғары температура күндерінің саны артып келеді, ал батыс және оңтүстік аймақтарда олардың саны 10 жыл сайын 4-7 тәулікке өседі.
Сарапшылар алдағы жылдары да температура рекордтары тіркелуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оңтүстік аймақ тұрғындары қазірдің өзінде мұндай ыстыққа әрең шыдап жүр.
Ыстықтан зардап шегіп отырған жалғыз ел Қазақстан емес. Қырғызстандағы климатологтар Орталық Азияда температура өсе беретінін және бүгінде аномалды болып көрінетін аптап ыстықтың болашақта нормаға айналуы мүмкін екенін ескертеді. Климатолог Зоя Кретова: «Біз бүгінде тек Қырғызстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда және бүкіл әлемде байқап отырған ең айқын климаттық қауіптердің бірі — жыл мезгілдерінің ығысуы. Жылдың жылы кезеңі ұзарып келеді. Жақсылық күтудің қажеті жоқ. Температура қалай көтерілсе, солай көтеріле береді, тіпті одан да қарқынды» деді.
Температураның көтерілуін әсіресе Еуропа қатты сезінуде. Биыл жазда Франция, Испания, Португалия, Германия, Бельгия және Ұлыбританияда ауа райы қауіптілігінің ең жоғары деңгейі жарияланды.


