Апельсин шырынының құрамындағы табиғи биоактивті қосылыстар жүрек-қан тамырлары жүйесі мен қан тамырларының жұмысын реттейтін гендердің белсенділігін өзгерте алады. Бұл тұжырымға Францияның Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қоршаған ортаны зерттеу ұлттық институтының (INRAE) ғалымдары келді. Клиникалық сынақ нәтижелері Food & Function ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Зерттеуге белінің көлемі ұлғайған 37 ер адам қатысты — бұл көрсеткіш жүрек аурулары мен екінші типті диабеттің даму қаупіне жатады. Қатысушылар алты апта бойы күн сайын кезек-кезек 330 мл таза апельсин шырынын, қант мөлшері ұқсас бақылау сусынын немесе сол бақылау сусынына цитрустық жемістерде табиғи түрде кездесетін өсімдік полифенолы — гесперидин қосылған нұсқасын ішті.
Талдаулар гесперидин мен басқа да биоактивті заттардың организмге жақсы сіңетінін және қан тамырларының жұмысына қатысты гендердің белсенділігінде өзгерістер тудыратынын көрсетті. Алты апта ішінде қатысушылардың қан қысымы тікелей төмендегені байқалмағанымен, анықталған молекулалық өзгерістер цитрустық қосылыстардың биоактивтілігін дәлелдейді.
Зерттеу жетекшісі Кристин Моранд анықталған механизмдерді ұзақ мерзімді бақылаулар аясында одан әрі зерделеу қажет екенін атап өтті. Диетолог Фрэнки Филлипс тәжірибе барысында шырын ішу қатысушылардың дене салмағына, глюкоза, инсулин немесе холестерин деңгейіне кері әсер етпегенін қосты.


