Америкалық Apple корпорациясының нарықтық капитализациясы тарихта алғаш рет Nasdaq биржасындағы сауда сессиясының қорытындысы бойынша $5,01 трлн деңгейінде бекіді. Осылайша компания осындай көрсеткішке қол жеткізген Nvidia-дан кейінгі әлемдегі екінші компания атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Корпорацияның бағалы қағаздары 2026 жылдың жазынан бері рекордтық межеге жетуге таяп тұрған. Компания құны алғаш рет $5 трлн-нан асқаны 2026 жылғы 28 шілдедегі сауда барысында тіркелген, алайда сол кезде сессия жабылғанша осы деңгейде ұстап тұру мүмкін болмады.
Ашық деректерге сәйкес, сол күннен бері Apple капитализациясы сауда сессиясы барысында $5 трлн-нан алты рет асып кеткен, бірақ жаңа межеде тек күз ортасында ғана бекіне алды.
Өсімге серпін болған қыркүйекте Тим Куктың орнына Apple бас директоры болып тағайындалған Джон Тернустың тұсаукесері деуге болады.
Ол компания тарихындағы алғашқы HomeView — жеті дюймдік экраны бар үй құрылғыларын басқару орталығы, яғни смарт-үй хабын таныстырды. Сондай-ақ мерекелерге қарай Apple $199-дан $399-ға дейінгі бағадағы бейнедомофон, камералар, термостат және смарт-құлып шығаратыны белгілі болды.
Осы желімен компания өзі үшін мүлдем жаңа — смарт-үй тауарлары нарығына байыппен кіріп отыр. Бұл нарықта әлдеқашан Amazon мен Alphabet көш бастап келеді.
CompaniesMarkerCap деректеріне қарағанда, қазір Apple әлемдегі нарықтық капитализация деңгейі бойынша екінші орында тұр. Бірінші орын және Жер тарихындағы ең қымбат компания атағы $5,34 трлн көрсеткішімен Nvidia-ға тиесілі — World Bank деректері бойынша бұл әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 4,51%-ы. Үштікті $4,2 трлн-мен Alphabet (Google) түйіндейді.


