Apple корпорациясы чип өндіруші Nvidia-ны басып озып, әлемдегі ең құнды компания атағын қайтарып алды. Бұл жасанды интеллект нарығындағы қысымның инвесторларға әсер етуіне байланысты болды, деп хабарлайды infohub.kz.

Apple-дің нарықтық құны 4,88 триллион долларды құраса, Nvidia-нікі 4,86 триллион долларға жетті. Соңғысының нарықтық құны 3,5 пайызға төмендеген. Бұл — Калифорнияның Купертино қаласында орналасқан iPhone өндірушінің бір жылдан астам уақыттан кейін бірінші орынға шығуы. Nvidia бұған дейін қазан айында 5 триллион долларлық нарықтық бағадан асып, ең қымбат компания атанған еді.

Өткен айда Apple өзінің Siri AI көмекшісінің жаңартылған нұсқасын ұсынды. Бұл жеке көмекшіге пайдаланушылардың сұрақтарының жеке контекстін жақсы түсінуге, интернеттен нақты уақыттағы ақпарат алуға және пайдаланушылар атынан күрделі тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді.

Founder ETFs негізін қалаушы Майкл Монаганның Аль-Жазира агенттігіне айтуынша, «нарықтың көңіл-күйі модель жасаушылардан жартылай өткізгіштерге, енді есептеулерді тұтынушы төлейтін тәжірибе мен нәтижеге айналдыра алатын компанияларға ауысты, осылайша корпоративтік кірістерді арттырды. Apple инвесторлары алдымен компанияның жасанды интеллектке аз жұмсауын күмәнмен қарады, бірақ қазір бұл артықшылық ретінде қарастырылуда. Өйткені Apple бұлттық инфрақұрылым көлемінде жұмсамай-ақ, тұтынушылық жасанды интеллекттен пайда көреді».

Компанияның үшінші тоқсандағы табысы 30 шілдеде жарияланады. Өткен тоқсанда Apple басшылары сатудың 14-17 пайызға өсетінін болжаған. Apple жасанды интеллект саласында бәсекелестерінен ұзақ уақыт қалып қойған және жаңартылған Siri-ді тек өткен аптада ғана таныстырды. Алайда аналитиктердің пікірінше, кәдімгі iPhone-да сақталған жеке деректер қоры компанияның жасанды интеллект жоспарлары үшін үлкен артықшылыққа айналуы мүмкін.

Сонымен қатар, бас атқарушы директор Тим Кук қыркүйекте технологиялық алыптың тізгінін Джон Тернуске тапсырады. Тернус 2021 жылдан бері Apple-дің аппараттық инженерия бөлімін басқарып келеді.

Nvidia-ға қысым жартылай өткізгіш саласындағы бәсекелестіктің күшеюімен байланысты. Микрон мамыр айында 1 триллион долларлық нарықтық бағадан асып, Оңтүстік Кореяның SK Hynix компаниясы да сол айда Насдақ биржасына шықты.

Segal Marco Advisors компаниясының вице-президенті Бенджамин Холлдың Рейтер агенттігіне айтуынша, «нарыққа жаңа қатысушылар назарды таза «Ұлы жетілік» атауларынан басқа көптеген атауларға ауыстыруы мүмкін».

Apple-дің өсіміне қарамастан, жалпы нарық төмендеді. Технологиялық Насдақ индексі түскі сауда-саттықта 1,6 пайызға, S&P 500 индексі 0,9 пайызға, ал Дау Джонс өнеркәсіптік индексі жұма күнгі ашылудан 0,25 пайызға төмендеді.