Биыл жазда Қазақстан аптап ыстықтан қысылып жатыр. Оңтүстікте кей жерлерде температура 40–45 градусқа дейін көтеріледі. Құрғақшылық егінге зиян келтіре ме, ал оның салдары азық-түлік бағасына әсер ете ме? Осы сұрақтарға ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Азат Сұлтановтың айтуынша, елдің оңтүстігінде суару мәселесі әзірге жоқ. Аграрийлерге су кесте бойынша беріліп жатыр, сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі суармалы жерлерде өсірілетін картоп пен көкөніске қатысты алаңдамайды. Астық өңірлерінде жағдай күрделірек. Дегенмен Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде жауған жаңбыр аптаптың әсерін жеңілдетуге көмектесті.

«96% егістіктің жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деп бағаланады. Өлі егін жоқтың қасы. Ақмола және Қарағанды облыстары бойынша қарап отырамыз. Нақты көрініс ораққа жақындағанда көрінеді», — деді Сұлтанов.

Сонымен қатар, вице-министрдің қосуынша, фермерлер құрғақшылыққа дайындалған: олар ыстыққа төзімді тұқым сорттары мен минералды тыңайтқыштарды пайдаланған.

АШМ мойындағандай, аз егін әдетте астық бағасын көтереді. Бұл әлеуметтік маңызы бар өнімдердің өзіндік құнына да әсер етуі мүмкін. Дегенмен билік нанның күрт қымбаттауын әзірге күтпейді.

«Төрт жыл бұрынғыдай тоннасы 180 мың теңге болған кезде де, қазіргі 90 мың теңге бағасында да әлеуметтік нан сөреде 110 теңгеден сатылуда. Бұл бағаны сақтау үшін мемлекетте барлық қажетті тетіктер бар. Сондықтан нансыз қаламыз ба немесе нан қымбаттай ма деп алаңдау әлі ерте. Дүрбелеңнің қажеті жоқ», — деп вице-министр сендірді.

Егер егін жағдайы күрт нашарласа, бағаны тежеу шараларын қолданатынын айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінде қазір егістіктің жаппай өлуі байқалмайтынын айтады. Аптаптың егінге тигізген әсерін толық бағалау орақ басына жақындағанда мүмкін болады.