Ақ үй YouTube бейнеплатформасында өзінің тәулік бойы жүретін Trump TV трансляциясын іске қосқанын хабарлады. Бұл американдық бұқаралық ақпарат құралдарымен ушыққан жанжал аясында болды, деп жазады infohub.kz сайты.

Тәулік бойы хабар таратудың басталғанын Ақ үйдің X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы мәлімдеді. Жазбада былай делінген: «TRUMP TV трансляциясы дәл қазір жүріп жатыр. Тәулік бойы, нақты уақыт режимінде жаңартылып отырады. Өткен жылдардағы үздік сәттер, мәлімдемелер және әкімшіліктің ең соңғы жаңалықтары — бәрі бір жерде. Кейбір маңызды оқиғалар әлі күнге дейін теледидардан көрсетілмей келді, енді олар көрсетіледі».

Trump TV трансляциясы Ақ үйдің YouTube арнасында қолжетімді екені атап өтілді.

Еске салайық, 18 қыркүйекте АҚШ президенті CNN, MS NOW және Politico тілшілерінің Ақ үйге кіруіне тыйым салатынын мәлімдеді. Себебі бұл басылымдар жалған жаңалық таратып жүрген көрінеді. Келесі күні-ақ осы басылымдардың журналистері Ақ үйге кіргізілмегенін хабарлады. Осыдан кейін Дональд Трамп CNN, MSNBC және Politico логотиптері бар қоқыс қаптарының суретін жариялады.

Содан соң өткен аптада журналистерінің Ақ үйге кіруіне тыйым салынған үш ақпарат агенттігі президент Дональд Трампқа қарсы сотқа шағым түсіргені белгілі болды.

22 қыркүйекте бірқатар жетекші американдық БАҚ АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіне бойкот жариялады — телеарналар Ақ үй басшысы қатысатын іс-шараларды пулдық жариялауды тоқтатты.