Америка Құрама Штаттары Палестина президенті Махмұд Аббасқа Нью-Йоркте өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысына қатысуға мүмкіндік беретін визаны екінші жыл қатарынан бермеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
АҚШ Мемлекеттік департаменті ресми сайтында бас тарту себептерін түсіндірді. «Мемлекеттік департамент Конгреске Палестинаны азат ету ұйымы мен Палестина автономиясы 1989 жылғы ПАЕҰ міндеттемелерін орындау туралы заңда және 2002 жылғы Таяу Шығыстағы бейбітшілік міндеттемелері туралы заңда жазылған өз міндеттемелерін тағы да орындамағанын мәлімдеді. Міндеттемелердің орындалмауы халықаралық ұйымдарда бұрын қабылданған, Қауіпсіздік Кеңесінің 242 және 338 резолюцияларын қолдауға қатысты міндеттемелерге қайшы келетін әрекеттерді бастау мен қолдауды, Израиль-Палестина қақтығысын интернационалдандыру жөніндегі әрекеттерді, оның ішінде Халықаралық қылмыстық сот пен БҰҰ Халықаралық соты арқылы жасалған қадамдарды, біржақты мойындауға қол жеткізу арқылы келіссөздерді айналып өту әрекеттерін, сондай-ақ террористерге жәрдемақы төлеуді жалғастыруды және жария мәлімдемелер мен мектеп оқулықтарында терроризм актілері мен террористерді дәріптеуді қамтиды», — делінген сыртқы саясат ведомствосының хабарламасында.
Осыған байланысты Америка Құрама Штаттары Палестинаны азат ету ұйымының мүшелері мен Палестина автономиясының лауазымды тұлғаларына виза беруге тыйым салатын санкцияларды кеңейтетіні нақтыланды.
Anadolu агенттігінің хабарлауынша, 2025 жылы Палестина автономиясының президенті Махмұд Аббас та виза болмағандықтан Бас Ассамблеяға жеке қатыса алмай, жиналғандарға онлайн режимде сөз сөйлеген.


