АҚШ-та сот «Крокус Сити Холл» терактіне және басқа да лаңкестік әрекеттерге қатысы бар афған содыры Мұхаммед Шарифуллаға үкім шығарды. Бұл туралы АҚШ Әділет министрлігі хабарлады, деп жазады infohub.kz.

Ведомство мәліметінше, Қазақстанда тыйым салынған ИГИЛ («Ислам мемлекеті») ұйымының мүшесі Мұхаммед Шарифулла лаңкестік құрылымды материалдық қолдағаны және оған ресурс бергені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

АҚШ Әділет министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың наурызында «Крокус Сити Холл» теракті болған кезде Шарифулла ИГИЛ атынан шабуылдаушыларға АК автоматы мен басқа да қаруды қолдану жөнінде нұсқаулық беріп, шабуыл барысында олармен байланыста болған.

Сонымен қатар Шарифулла 2021 жылы АҚШ әскерлері Ауғанстаннан шығарылған кездегі Кабулдағы жарылысқа және басқа да бірқатар лаңкестік әрекеттерге қатысы бар.

2024 жылдың 22 наурызында кешке Ресей ФСБ-сы Мәскеу облысындағы Красногорск қаласындағы «Крокус Сити Холл» ғимаратында атыс пен өрт болғанын хабарлады. Ол кезде мұнда «Пикник» тобының концерті өтуі тиіс еді. Тергеу комитеті теракт туралы қылмыстық іс қозғады.

24 наурызда Ресейде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. «Крокустағы» зардап шеккендер саны 551 адам, 144 адам қаза тапты.

Осы жылдың наурызында сот «Крокус Сити Холл» теракті ісі бойынша 19 айыпталушының 15-ін өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды — істі Екінші Батыс округтік әскери сот қарады.