Ірі 403 деректерді өңдеу орталығының бір жылдық жұмысын талдау олардың 68-ден 99 тераватт-сағатқа дейін энергия жұмсайтынын және атмосфераға 21-ден 31 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығаратынын көрсетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Гипермасштабталатын дата-орталықтар АҚШ-тағы барлық электр энергиясының 1,5-2,2 пайызын тұтынады — бұл Висконсин немесе Индиана штаттарының жылдық энергия тұтынуымен шамалас. Мұндай қорытындыны американдық деректерді өңдеу орталықтарының 2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы сәуірге дейінгі жұмысын зерттеген жаңа зерттеу авторлары жасады.

Алдымен мамандар жаңалықтар, компаниялардың мәлімдемелері және спутниктік суреттер негізінде 675 нысанның тізімін жасады, алайда электр қуаты мен тиісті жабдығы расталмаған алаңдарды алып тастады. Қорытынды талдауға орташа қуаты шамамен 40 мегаватт болатын 403 орталық енді. Қарапайым дата-орталықтар шамамен 48 пайызға, ал жасанды интеллектті оқытуға арналған есептеу қуаттары шамамен 70 пайызға жүктелгендіктен, жалпы жылдық тұтыну 68-ден 99 тераватт-сағатқа дейінгі аралықта бағаланды. Берклидегі Лоуренс атындағы ұлттық зертхананың дерегінше, 2024 жылы елдің барлық дата-орталықтары (криптовалюта майнингін есепке алмағанда) 192 тераватт-сағат жұмсаған.

Осы энергияны өндіруден туындаған парниктік газдар шығарындысы 21-ден 31 миллион метрикалық тоннаға дейін көмірқышқыл газын, яғни АҚШ-тағы қазба отынды жағудан болатын барлық шығарындының шамамен 0,5 пайызын құрады. Энергияның шамамен 54 пайызын қазба отынмен (негізінен табиғи газбен) жұмыс істейтін станциялар, 25 пайызын жаңартылатын көздер, 21 пайызын атом электр станциялары қамтамасыз етті. Бұл ретте есептеулер нысандардың өзіндегі жергілікті өндірісті, мысалы, Теннесси штатындағы xAI дата-орталығының қарапайым электр станцияларына қарағанда 60-80 пайызға көп парниктік газ шығаратын газ турбиналарын ескермеді.