Америка Құрама Штаттары қыркүйек айының соңына дейін Ирак аумағынан әскери контингентін толық шығарып, Таяу Шығыстағы осы елдегі жиырма жылдық әскери қатысуын тоқтатпақ. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Deutsche Welle агенттігінің мәліметінше, 30 қыркүйекте АҚШ Иракта қалған 2 500 әскери қызметкерін шығарып бітіруі тиіс. Тиісті келісім 2024 жылы жасалған болатын.
«1 қазан Ирак мемлекеті тарихындағы жаңа күнге айналады. Осы күні ел кез келген шетелдік әскери қатысудан арылып, өз аумағында ұлттық егемендік орнайды», — деді Ирак премьер-министрі Әли әз-Зейди.
Бұл оқиғаны Тәуелсіздік күні ретінде атап өту жоспарланып, ол төрт ресми мемлекеттік мерекемен қатар жүрмек.
Басылымның жазуынша, әскерді шығару АҚШ-тың Ирактағы жиырма жылдан астам әскери қатысуының аяқталуын білдіреді. 2003 жылы АҚШ басып кіргеннен кейін американ әскерлері 2011 жылы шығарылған, алайда 2014 жылы «Ислам мемлекеті» тобына қарсы күресу үшін қайта оралған. Әскерді шығару сонымен қатар АҚШ-тың Таяу Шығыстағы қатысуын қысқарту жөніндегі кең ауқымды стратегиясының бір бөлігі.
South China Morning Post газетінің жазуынша, Иракта американ әскерлерінің түпкілікті шығарылуын бәрі қолдамайды, оны мерзімінен бұрын деп санайды.
«Біздің ойымызша, Ирак қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігін толық өз мойнына алуға әлі дайын емес», — деді Фаллуджадағы сүнниттік тайпа көсемі Абдулрахман әл-Зобаи.


