АҚШ-та ересек пациенттердің төрттен бір бөлігінен астамы өзіне немесе балаларына антибиотик рецептін алу үшін дәрігерге әдейі өтірік айтады. Юта университетінің зерттеушісі Алистер Торп басқарған топ осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өзара байланысты екі зерттеудің нәтижесі «JAMA Network Open» журналында жарияланды. Ғалымдар 959 респонденттің сауалнамасын талдап, алаңдатарлық үрдісті анықтады: қатысушылардың 28%-ы клиникалық көріністі бұрмалағанын мойындады. Ал 263 қамқоршының 27%-ы балаларына дәрі алу үшін педиатрларды әдейі алдағанын айтты.
Пациенттер өз жағдайының ауырлығын асырды, ауру белгілерін толық ойдан шығарды немесе екі әдісті де қатар қолданды. Ең басты таңғаларлық жайт — адамдар антибактериалдық ем қолданылмайтын вирустық инфекцияларды симуляциялаған. Жалған мәліметтердің 65%-ы кәдімгі суық тию белгілеріне — жөтел, қызба және тамақ ауруына қатысты болды. 49%-ында іштің ауырғанын, 46%-ында бұлшықеттің сырқырағанын ойдан шығарған, ал шағымдардың тек 31%-ы ғана бұл препараттар шынымен қажет болатын несеп шығару жолдарының мәселелеріне тиесілі болды. Ойдан шығарылған себептердің абсурдтығына қарамастан, алдау нәтиже берді: ересектердің 77%-ы және ата-аналардың 87%-ы керекті бланкілерге қол жеткізді.
Адамдар аурудан қорқып, дәріге соқыр сеніп, оқуға немесе жұмысқа тезірек оралғысы келгендіктен өтірік айтуға барды. Өтірік айтушылар дәріге төзімділік қаупін фармацевтикалық компаниялардың ойдан шығарғаны деп жиі санады. Солтүстік-Батыс университетінің Файнберг медицина мектебінің профессоры Джеффри Линдер дәрігерлердің көнуі сенімді бұзатынын және адамдардың денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.


