Қытай мен АҚШ жалпы құны шамамен 60 миллиард долларлық тауарларға өзара кеден бажын азайтуға келісті. Бұл уағдаластық Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Вашингтондағы кездесуінің нәтижесінде жасалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Reuters агенттігінің мәліметінше, келісілген тізімдерге американдық азық-түлік пен қытайлық тұрмыстық тауарлар енген. Жаңа мөлшерлемелер екі ел де қажетті ішкі рәсімдерді аяқтағаннан кейін қолданыла бастайды.

Әр мемлекет импортқа салынатын бажын шамамен 30 миллиард долларға азайтады. Қытай Сауда министрлігінің дерегінше, келісілген тізімдегі тауарлардың 90%-дан астамы қосымша өзара баждардан босатылады. Алайда ведомство жаңа мөлшерлемелердің күшіне енетін күнін әзірге атаған жоқ.

Қытай американдық жүгері, бидай, сорго, ет, сүт өнімдері, балық және теңіз өнімдеріне баж салығын төмендетуді жоспарлап отыр. Тізімде сондай-ақ ағаш, косметика және медициналық бұйымдар бар. АҚШ-тың Қытайға экспортындағы негізгі тауарлардың бірі — соя бұршағы тізімге енбеді.

АҚШ өз тарапынан қытайлық кофеқайнатқыштар, тостерлер, ыдыс-аяқ, көрпе, төсек жабдығы мен ойыншықтарға баж салығын азайтуды ұсынып отыр. Тізімде балаларға арналған автокреслолар мен мерекелік безендірулер де бар.

Баж жөніндегі уағдаластық екі ел басшыларының кездесуінің нәтижелерінің бірі болды. Тараптар сондай-ақ сауда бітімін екі айға — 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін ұзартты. Ол тарифтік және өзге де сауда шараларының бір бөлігін тоқтата тұруды көздейді.

Қытай Сауда министрлігі келісімді ұзарту елдерге қол жеткізілген уағдаластықтарды бағалауға және келіссөздерді жалғастыруға уақыт беретінін есептеп отыр. Ведомствоның айтуынша, бұл компаниялар үшін «салыстырмалы түрде тұрақты әрі болжамды жағдай» жасайды.

АҚШ сондай-ақ Қытайдың 2027 және 2028 жылдары жыл сайын кемінде 10 миллион тонна американдық көмір сатып алатынын мәлімдеді. Елдер 2026 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімдері саудасы жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізуді жоспарлап отыр.