Ақтауда бір жарым жасар баланы қағып өлтірген бұрынғы полиция қызметкеріне сот үкім шығарды: ол 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, Ақтау қалалық сотының үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл бап көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуын қарастырады.
Бас бостандығынан айырумен қатар, сотталған адам 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Зиянды өтеу мәселесі соттан тыс тәртіппен шешілді. Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, осы жылдың мамыр айында Ақтаудағы бір аулада бір жарым жасар бала қағылып өлтірілген болатын. Қызметтік көліктің рөлінде полицей отырған, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Анықталғандай, сәби алаңда әкесімен ойнап жүрген. Бір сәтте ер адам алаңдап кеткенде, бала жүріс бөлігіне жүгіріп шыққан. Сол кезде жүргізуші кейін шегініп бара жатып, баланы байқамай қалған — соқтығысу салдарынан сәби жол-көлік оқиғасы орнында көз жұмды.


