Әлеуметтік желілерде Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкері мас күйде жүргенін көрсететін бейнежазба тарады. Оқу орнында тексеру басталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Lada.kz басылымының дерегінше, желіде жарияланған видеода НЗИ оқушылары мұғалімнен оқу орнына неге мас күйде келгенін сұрайды. Ер адам «солай болып қалды» деп жауап беріп, қылығы үшін кешірім сұрайды.
Жарияланым авторларының айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін де болған көрінеді. Сол оқиғалардың бірінде мұғалім балалармен дөрекі сөйлесіп, жанжалға итермелеуі мүмкін. Алайда бұл тұжырымдар әзірге ресми расталмаған.
Оқиғаға Ақтаудағы НЗИ басшылығы пікір білдірді.
«Мектепте ішкі тергеу жүргізілуде. Айтылған фактілер тексерілуде. Тексеру аяқталған соң, егер қызметкер тарапынан бұзушылықтар расталса, Еңбек кодексіне сәйкес шаралар қолданылады. Олар жұмыстан шығаруға дейін жетуі мүмкін», — деді Ақтаудағы НЗИ директоры Ринат Жұмабаев.
Жағдай Маңғыстау облысының білім беру жүйесінде де бақылауға алынды. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, жарияланым шыққан соң облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаменті мән-жайды анықтау үшін НЗИ-ге жүгінген.
Ведомство Назарбаев Зияткерлік мектептері автономиялық білім беру ұйымы екенін және оқу процесін ұйымдастыру мен ішкі бақылауға өздері жауапты екенін атап өтті.
Егер оқиға туралы ақпарат расталса, тек қызметкердің әрекетіне ғана емес, ішкі бақылау жұмысына, сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне де баға берілмек.
Әзірге тексеру жалғасуда. Оқиға бойынша түпкілікті қорытынды тексеру аяқталған соң жасалады.


