Ақтауға кіру мен қаладан шығу жүргізушілер үшін ірі көлемді жүк тасымалдауға байланысты жол апатынан кейін уақытша шектелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақтау әкімдігінің Instagram парақшасында хабарлағандай, жол оқиғасы 17-ші пост — ХГМЗ ауданында болды. Бүгін сағат 13:14-те жүк көлігі теміржол жолының құрылымдық элементтерін қағып кетті. Салдарынан құрылыс элементтерінің бір бөлігі зақымданды. Зардап шеккендер жоқ.

«Осыған байланысты, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған жол учаскесінде автокөлік құралдарының қозғалысы уақытша тоқтатылды. Ақтауға кірерде Батыр ауылы арқылы Құрық бағытындағы маршрутты пайдалану ұсынылады. Қаладан шығарда Маңғыстау және Қызылтөбе елді мекендері арқылы өтетін маршрутты пайдалану ұсынылады», — деп ескертті жүргізушілерге.

Айта кету керек, қазіргі таңда оқиға орнында зардаптарды жою және зақымданған элементтерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа техникалық тексеру жүргізіліп, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілгеннен кейін қозғалысты қайта бастау мәселесі қаралатын болады.

«Жол қозғалысына қатысушылардан уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауды, баламалы маршруттарды пайдалануды және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз», — деп қорытындылады әкімдікте.

Сонымен қатар, желіде оқиға орнынан түсірілген кадрлар пайда болды.