Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының әкімі болып Мұқанбетқали Есенғалиев тағайындалды. Бұған дейін ол Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы ауданы әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасында жазылғандай, жаңа әкімді қалалық мәслихат депутаттары мен ұжымға Ақтөбе басшысы Азамат Бекет таныстырды.
Мұқанбетқали Есенғалиев 1987 жылы дүниеге келген. Ол екі жоғары білімге ие. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қазақ-Орыс халықаралық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Ақтөбе қаласының экономика және қаржы бөлімінде бас маман және сектор меңгерушісі, Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімінде сектор меңгерушісі, Ақтөбе облысы әкімі аппаратында бас маман және бас инспектор қызметтерінде бастаған. Әр жылдары Хромтау ауданы әкімі аппаратының басшысы, Ақтөбе облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы, Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған.
Кездесу барысында Алматы ауданының жаңа әкімі Мұқанбетқали Есенғалиев өзіне көрсетілген сенімді ақтау және жүктелген міндеттерді сапалы орындау үшін бар күшін салатынын айтты.


