Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бегімбет ауылындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі ұйықтап жатқан бір жарым жасар баланың бетін тырнап кетті. Оқиғаны бейнебақылау камералары түсіріп алған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жазбада балабақша қызметкерінің ұйықтап жатқан бір жарым жасар сәбиге жақындап, бетін тырнап, бөлмеден шығып кеткені көрінеді. Соңғы 17 жыл бойы мектепке дейінгі мекемеде жұмыс істеп жүрген ересек адамды не итермелегенін қазір полицейлер анықтап жатыр.

Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Тергеу әрекеттері жүргізіліп, бейнебақылау камераларының жазбалары алынды.

Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, балабақшада 25 бала тәрбиеленеді.

«Оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізілуде, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар қызметкер осы мекемеде 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі таңда ол міндеттерін орындаудан шеттетілді. Білім мекемесінде болған оқиғаға байланысты өкініш білдіреміз. Жағдай бақылауда», — деді Шалқар ауданының білім бөлімінің басшысы Аян Башанов.