Ақтөбе облысында бензин құю кезінде екі ер адам ауыр күйік алды. Қазір олардың жағдайы туралы мәлімет белгілі болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Зардап шеккендердің бірі — 23 жастағы жігіт — ауданнан Ақтөбе қаласындағы ауруханаға санитарлық авиациямен жеткізілді. Қазір екінші зардап шегушіні — денесінің 80 пайызы күйік болған 46 жастағы жұмысшыны тасымалдау мәселесі шешілуде. Ол қазір Шалқар аудандық ауруханасының реанимация бөлімінде жатыр, екі қыздың әкесі есін біледі. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап, санитарлық авиациямен Ақтөбеге жеткізуді жоспарлап отыр.
«Кеше денесінің 40 пайызы күйік болған бір зардап шегушіні реанимация бөліміне жатқыздық, қазір ол сонда. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Денесінің 80 пайызы күйік болған екінші науқас әзірге аудандық ауруханада, консультация Zoom арқылы жүргізілуде. Бүгін оған да санавиация жібереміз, жағдайы тұрақталса, оны да Ақтөбеге жеткіземіз», — деді Ақтөбе жедел медициналық көмек ауруханасының комбустиолог-дәрігері Нұрлан Әбішев.
Зардап шегушінің туыстары бұл оқиғаны әділ тергеуді талап етуде. Болған жағдайды арнайы құрылған комиссия тексеруі тиіс. Оның құрамында мемлекеттік еңбек инспекторлары және зардап шеккендер жұмыс істеген кәсіпорын басшылары бар.
Бұған дейін Ақтөбе облысында бензин құю кезінде екі жұмысшының ауыр күйік алғаны хабарланған болатын.


