Ақтөбеде жарты ғасырдан астам бұрын салынған бесқабатты үйдің тұрғындары ағып жатқан шатырды жөндеуді жеделдетуді талап етіп отыр: жазға жоспарланған жұмыстар әлі басталмаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қала тұрғындарының айтуынша, үйдің шатыры соңғы он жыл бойы ағып келеді. Кейбір пәтерлерде тұрақты ылғалдылықтан зең пайда болған. Жаңбыр жауған және көктемде қар еріген кезде жағдай әсіресе қиындай түседі.

«20 қыркүйекте де, 20 қазанда да, міне, 20 қараша болды, біз ештеңе күте алмадық. Жаңбыр жауса, нөсерлетсе, көктемде қар ерісе, біздің подъездерде бөтелкелер тұрады. Адамдардың пәтерлерінде электр жоқ. Менің пәтеріме су ағып жатыр. Мен пәтерімде шалшықтың ішінде жүрмін!» — деп әңгімеледі үй тұрғыны Елена Артамонычева.

Үй қалалық жаңғырту бағдарламасына енгізілген. Смета бойынша шатырды жөндеуге 90 млн теңге бөлінуі тиіс еді. Бағдарлама шарттарына сәйкес, тұрғындар бұл қаражатты жеті жыл ішінде бөліп қайтарады. Алайда ақтөбеліктердің айтуынша, жұмыс басталмай тұрып, қаржы әлі келіп түспегені белгілі болған.

«Жобалау-сметалық құжаттама дайын, сараптама жүргізілді. Қазіргі таңда облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді. Енді желтоқсанда қаржы күтіп отырмыз. Содан кейін осы үйді күрделі жөндеу мәселесін шешеміз», — деп мәлімдеді Ақтөбе қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі Ақнұр Қазбаева.