Ақтөбеде «Заманауи хирургияның өзекті мәселелері» атты халықаралық қатысумен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Қазақстанның жетекші хирургтері, ғалымдары мен медицина қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Беларусь, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген мамандар қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Конференцияға қатысушыларды құттықтаған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров хирургияны дамыту тек заманауи технологиялар мен жабдықтарды ғана емес, сонымен қатар білікті мамандарды даярлауды талап ететінін атап өтті.

«Бұл конференция – тәжірибе алмасудың алаңы ғана емес, хирургияның қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту бағыттары туралы маңызды кәсіби диалог. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы 3 жылда Ақтөбе облысында салаға 20,3 млрд теңге бағытталып, 40 медициналық нысан салынды, тағы 40 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Өңір үшін хирургиялық қызметті дамыту, заманауи технологияларды енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру және медициналық көмек сапасын қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Облыс стационарларында жыл сайын шамамен 50 мың пациентке хирургиялық көмек көрсетіліп, 12 мыңнан астам ота жасалады. Медициналық кадрларды даярлау мен ғылымды дамытуда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің рөлі зор, ал халықаралық ынтымақтастық дәрігерлерімізге озық шетелдік тәжірибені меңгеруге мүмкіндік береді. Бүгін Ақтөбеде жиналған Қазақстанның жетекші хирургтері мен шетелдік мамандардың кәсіби тәжірибесі өңірдің хирургиялық қызметін одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді Асхат Шахаров.

Конференция аясында медицина мен хирургияны дамытуға елеулі үлес қосқан мамандарды марапаттау рәсімі өтті. «Ақтөбе облысын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Башкент университетінің профессоры Мехмет Хаберал (Түркия), академиктер әрі профессорлар Жақсылық Доскалиев пен Болатбек Баймаханов, профессор Салим Беркімбаев, сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Сабыр марапатталды.

Ақтөбе облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен Қазақстан мен шетелден келген тағы 10 маман марапатталды. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Астана, Алматы, Семей, Қызылорда және Тараздан келген танымал хирургтер мен ғалымдар бар. Марапаттар хирургиялық қызметті, медицина ғылымын, халықаралық ынтымақтастықты және ғылыми-практикалық байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.

Конференцияның негізгі бағдарламасы пленарлық отырыстармен жалғасты. Бір алаңда медицинаның түрлі салаларының мамандары: хирургия, трансплантология, онкология, тамыр және кардиохирургия өкілдері жиналды. Олар кәсіби тәжірибе алмасып, заманауи жетістіктер мен ғылыми әзірлемелерді таныстырды, сондай-ақ хирургиялық қызметті дамыту және медициналық практикаға жаңа тәсілдерді енгізу перспективаларын талқылады.

Іс-шараға онлайн форматта Сеул ұлттық университетінің профессоры Кванг Вунг Ли де сөз сөйледі. Ол бұған дейін қазақстандық мамандармен трансплантология саласында жұмыс істеген. Өз сөзінде ол дәрігерлер арасындағы халықаралық өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар хирургиялық көмекті жетілдіру, кәсіби құзыреттерді дамыту және заманауи медициналық технологияларды енгізуге байланысты одан әрі жұмыс бағыттарын белгіледі. Мұндай кездесулер кәсіби байланыстарды нығайтуға және өңірдің хирургиялық қызметін одан әрі дамытуға ықпал етеді.