Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері арнайы жасақтың қолдауымен жеке үйде тінту жүргізіп, есірткілік өсімдіктерді заңсыз өсірудің жолын кесті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, есірткілік өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін Темір ауданының полицейлері анықтады.

«Шұбарши ауылындағы жеке үйдің бірінде тінту барысында полицейлер есірткілік өсімдіктер өсірілген, арнайы дайындалған жер телімдерін тапты. Барлығы алты көк өсімдік бұтасы анықталды. Сонымен қатар үйдің әртүрлі бөлмелері мен моншадан өсімдік заты, тұқымдар, сондай-ақ зат сақталған бұйымдар мен қаптамалар табылды. Тәркіленген өсімдік затының жалпы салмағы шамамен 11 келіні құрады. Барлық тәркіленген зат тиісті сараптамаға жіберілді», — деді Ақтөбе облысы ПД-де.

Сотқа дейінгі тергеу барысында ер адам ағымдағы жылдың көктемінде аулада жерге арнайы шұңқырлар қазып, оған есірткілік өсімдіктің тұқымын еккені анықталды. Кейін ол өсімдіктерді суарып, өсірген, оны жеке тұтыну үшін жасағанын түсіндірді.

Жауап алу кезінде ер адам кінәсін мойындады. Осы факті бойынша ҚР ҚК 300-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді.

Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу шаралары жүргізілуде.