Ақтөбе облысында өз күйеу баласын өлтіруге оқталған бұрынғы полицейге үкім шықты. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Диапазон», оның ақпаратын infohub.kz сайты ұсынды.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға Хромтаудағы демалыс базасында болған. 32 жастағы учаскелік инспектордың көмекшісі той-томалақтан кейін қызметке кірісуі керек болғандықтан, қасында Макаров тапаншасы болған.

Той-томалаққа полицейдің әпкесінің жұбайы да қатысқан. Ішімдік ішу барысында ол әйелін ұрып-соққанын және бұдан былай да жалғастыратынын мойындаған. Осындай сөздерді естіген учаскелік инспектордың көмекшісі қызметтік қаруын алып, күйеу баласына тікелей атқылай бастаған.

Төртінші оқта гильза тапаншаға кептеліп қалған. Зардап шеккен ер адам кеудесі мен ішінен жарақат алып, реанимация бөліміне жатқызылған.

Жаралы ер адам аман қалды, ал бұрынғы полицей өлтіруге оқталу айыбымен сот орындығына отырды. Сотталушының өзі жанжал күйеу баласының жұмыстан сұранып, компаниямен бірге демал деген талабынан туындағанын айтқан.

Сот осы резонансты іс бойынша үкім шығарды. Өлтіруге оқталу үшін экс-полицей 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске салайық, осы жылдың наурыз айының соңында Ақтөбе облысында атыс болғаны туралы ақпарат тараған, оқты полицей қызметкері атқан деп болжанған. 36 жастағы зардап шегуші Хромтау аудандық ауруханасының реанимациясына жеткізілген. Полиция қылмыстық іс қозғаған.

Кейін оқиға Хромтаудағы демалыс базасында болғаны белгілі болды. Алдын ала деректер бойынша, жанжал кезінде полицей қарсыласына қызметтік тапаншасынан төрт рет оқ атқан. Сондай-ақ жанжалға қатысушылар туыс екені хабарланған. Жәбірленуші қайын ағасын кешірген.