Ақтөбе облысында көлік бақылау инспекциясының бас маманы пара алу бойынша сотқа тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, кәсіпкер Ресейден бидай сатып алып, оны ауыр жүк көліктерімен Ақтөбе облысына тасымалдаған. Жүк тасымалы шығынын азайту үшін фуралар белгіленген нормадан артық тиелген. Қазақстан аумағында көлік бақылау инспекциясының бас маманы әр көліктен 10 мың теңге көлемінде пара алған. Осының арқасында көлік нормативтерге сәйкестігі тексерілмей, фуралар бекеттен кедергісіз өтіп, кәсіпкер артық жүк үшін айыппұл төлемеген.
Алайда бір кезде маман пара мөлшерін 10 мыңнан 15 мың теңгеге дейін көтерген. Сонда кәсіпкер ҰҚК-ға арыз берген, көлік бақылау инспекциясының қызметкері ұсталды.
Кейін ол жалпы сомасы 170 мың теңге пара алғаны үшін сотқа тартылды. Сотталушы қылмысындағы кінәсін толық мойындады, бұл оған бостандықта қалуға мүмкіндік берді. Сот оны 5 млн 950 мың теңге айыппұлға соттады, бұл пара сомасының 35 еселенген мөлшерін құрайды.


