Қазақстандық спортшы Арайлым Шегенова Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы XX Жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Бұл жүлде тарихта қалды: бұған дейін Қазақстанның әйелдер кураш құрамасы Азиада тұғырына ешқашан көтерілмеген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
29 жастағы Шегенова 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жартылай финалда ол Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Енмен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіліс тапты. Жарыс ережесінде үшінші орын үшін жеке белдесу қарастырылмағандықтан, қазақстандық спортшы қола медальді автоматты түрде иеленді.
Шегенова тұғырға екі сенімді жеңіспен қадам басты. 1/8 финалда ол Вьетнам спортшысы Дыонг Тхань Тханьды 5:0 есебімен тізе бүктірсе, ширек финалда оңтүстіккореялық Пак Чонвоннан 3:0 есебімен басым түсті.
Қазақстан құрамасы үшін бұл Азиада-2026 кураштан екінші жүлде. Бір күн бұрын Әділет Ахметгали 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алған болатын.
Кураш — белдеуде ғана күрес жүргізілетін дәстүрлі белбеу күресі. Спортшы құлаған соң, партерде күрес жалғаспайды.
Жапониядағы XX Жазғы Азия ойындары 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды. Жарысқа 45 елдің спортшылары қатысып, 460 медаль жиынтығы сарапқа салынуда. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының құрамында 35 спорт түрінен 558 спортшы өнер көрсетуде.


