Арыстан ауырып, бір апанда жатады, барлық аңдар оның халін сұрап келіп жүреді. Бірақ түлкі келмеген еді. Қасқыр түлкіге наразы болады да, соның үшін арыстанға келіп, түлкіні жамандайды:

— Түлкі сені құрмет етіп, тым болмаса халіңізді сұрамады ғой, — дейді. Арыстан ашуланып, түлкіні шақырып алады. Түлкі қасқырдың
жамандағанын сезеді де арыстанға айтады:

— Маған бекер ашуланасыз, мен сіздің ауруыңызды есіткен соң, бір тыным тапқаным жоқ, сізге ауруыңызды жазатын дәрі іздеп мазам кетті, міне жаңа ғана тауып келе жатқаным еді, — дейді. Сонда арыстан қуанып кетіп:

— Ол не дәрі? — дейді.

Түлкі айтады:

— Егер де тірі қасқырдың терісін сыпырып алып, жылыдай жамылсаңыз дегенде, арыстан сөздің аяғын тыңдамастан, қасында тұрған қасқырдың терісін бассалып сыдыра бастағанда, түлкі сөзін айтып болмастан күліп, шығып жүре береді.