Қазақстан Президенті Арман Шаққалиевті сауда және интеграция министрі қызметіне қайта тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақорданың ресми хабарламасында айтылғандай, «Мемлекет басшысының Жарлығымен Шаққалиев Арман Абайұлы Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі болып тағайындалды».
Арман Шаққалиев 1977 жылы Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келген. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетін, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, сондай-ақ М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін бітірген.
Еңбек жолын Астана және Ақмола облысы бойынша «Кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру және тарату агенттігі» ААҚ-да заң кеңесшісі болып бастаған. 2001-2002 жылдары ҚР Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінде бас маман және бөлім бастығы қызметтерін атқарған.
2002-2004 жылдары ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитетінде дәрменсіз кәсіпорындарды талдау және мониторинг басқармасын басқарған. 2004-2006 жылдары «Қазақстан метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры болған.
2006-2007 жылдары Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитет төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2007-2008 жылдары Қаржы министрлігі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі құрылымдарында, сондай-ақ «ҚазАгро» холдингінде басшылық қызметтерде жұмыс істеген.
2008-2016 жылдары «ҚазИнСт» РМК-ны басқарған. Кейін 2016-2018 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры болған. 2018-2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
2019-2020 жылдары ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы болған. 2020-2022 жылдары Мәскеудегі Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқасының мүшесі (министрі) болған.
2022-2023 жылдары ҚР сауда және интеграция вице-министрінің бірінші орынбасары болған. ҚР сауда және интеграция министрі қызметіне алғаш рет 2023 жылғы 2 қыркүйекте тағайындалған.


