Арменияның экс-президенті Левон Тер-Петросян премьер-министр Никол Пашинянның журналист Рипсиме Джебеджянға айтқан сөздеріне қатты қарсы шығып, халықаралық ұйымдарды оған баға беруге шақырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Саясаткердің мәлімдемесіне үкімет басшысының сөзін айыптаған Армения журналистер одағының реакциясы себеп болды. Тер-Петросян өз ұстанымын Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

«Никол Пашинянның қорлайтын, былапыт сөздермен араласқан сөйлеген сөзіне қатысты Армения журналистер одағының мәлімдемесімен үлкен қанағаттанушылықпен таныстым. Арменияның ешбір басшысы халық алдында мұндай әдепсіз қылық танытып көрген емес», — деп жазды ол.

Экс-президенттің айтуынша, бүгінгі Арменияның шындығы Пашинян жасағандай болып отыр. Тер-Петросян сондай-ақ республикадағы оқиғаларды қадағалап отырған халықаралық құқық қорғау ұйымдары армян премьерінің мәлімдемесіне тиісті баға береді және «Арменияның демократиялық міндеттемелерін бұзатын Пашинянның әрекеттеріне көз жұмбайды» деп үміттенетінін білдірді.

Айта кетейік, 19 қарашада Еревандағы брифинг барысында Пашинян журналист Джебеджянмен қатты сөзге келісіп, оны «жәй ғана жиіркенішті» деп атады. Кейін Джебеджян сотқа жүгіну ниетін мәлімдеді. Пашинян болса, өзі де оған қарсы талап арыз беру мүмкіндігін қарастыратынын айтты.