Түркістан облысы Арыс қаласы әкімінің 22 жастағы ұлына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Ол 20 жастағы жігіттің екі аяғынан айырылуына әкеп соққан жол апатына қатысы бар еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл туралы NUR.KZ облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап мәлімдеді. Сөз мамыр айының соңында Астана — Павлодар тасжолында болған жол-көлік оқиғасы жайында болып отыр.
Сол кезде көлік жол бөгетіне соғылған. Таксидің жолаушы орындығында отырған 20 жастағы жігіт ауыр жарақат алды. Жас жігіт клиникалық өлімді бастан өткеріп, екі аяғынан айырылды.
Кейін рөлде Түркістан облысы Арыс қаласы әкімінің 22 жастағы ұлы болғаны анықталды. Ол қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылды. Әкімнің өзі Қайсар Манқараев кез келген араласуды жоққа шығарып, лауазымы тергеу барысына әсер етпейтінін атап өткен болатын.
Бүгін, 22 қыркүйекте, қылмыстық істің амнистиямен тоқтатылғаны белгілі болды.
«Ағымдағы жылғы 16 қыркүйекте жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 шілдедегі заңының амнистия актісінің негізінде тоқтатылып, бекіту үшін Екібастұз қаласының прокуратурасына жіберілді. Сонымен қатар, зардап шеккен адамға азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну ұсынылды», — деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.


