Арыста тұрғын үйдің ауласындағы орындыққа көлік соғылуынан жүкті әйел мен екі бала қаза тапқан іс бойынша сот процесі аяқталуға жақын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жетінші арнаның мәліметінше, Түркістанда маусым айында болған апаттық оқиғаға қатысты тергеу аяқталуға жақын. Жол апатынан үш адам қаза тапты, оның ішінде болашақ ана да бар. Айыпталушы — мұғалім, ол алкогольдік масаң күйде көлік жүргізген деген айып тағылуда.

Қайтыс болғандардың туыстары сот отырыстарында айыпталушыны кешірмейтінін мәлімдеп, оған ең ауыр жаза тағайындауды талап етті. Сол маусым күні бірнеше отбасының өмірі өзгерді: айыпталушының өзі және аулада демалып жатқан екі отбасы жақындарынан айырылды. Соққы салдарынан екі бала мен жүкті әйел қаза тапты. Тағы бір адам ауыр жарақат алды, екеуі орташа ауырлықтағы жарақатпен ауруханаға жатқызылды.

Мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. «Қылмыстық кодекстің 58-бабының екінші бөлігіне сәйкес, неғұрлым жеңіл жазаны неғұрлым ауыр жазаға сіңіру арқылы түпкілікті 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын, сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыруды сұраймын. Оның асырауында 14 жасқа толмаған қызы болғандықтан, тағайындалған жазаның орындалуын бір жылға кейінге қалдыруды сұраймын», — деді прокурор Ақжарқын Оразбай сотқа.

Сөз сайысы кезінде оқиғаға қатысушылар көз жасын тыя алмады. 30 жастағы Дана Усимбек пен оның бір жасар баласы ауыр жарақат алды. Оқиға орнында қаза тапқан бес жасар қыз оның қызы еді. «Біз өсіріп-тәрбиелеген баламыздан айырылдық. Мен өзім мүгедек болып қалдым. Менің денсаулығым да, баламның денсаулығы да қалпына келмейді. Қызымды мектепке апарар едім, енді оның қабіріне барып дұға оқимын», — деді жәбірленуші Дана Усимбек.

Айыпталушының өзі соттан жазасын жеңілдетуді сұрап, мүгедек қызын тәрбиелеп отырғанын алға тартты. Ол істеген ісіне өкінетінін білдіріп, кешірім сұрады. Бұл іс бойынша үкім дүйсенбі, 7 қыркүйекте жарияланады.

Еске салайық, қайғылы оқиға маусым айында Түркістан облысының Арыс қаласында болған: жеке үйдің жанындағы орындықта әйелдер мен балалар отырған кезде оларға жоғары жылдамдықпен көлік соғылған. Соққы салдарынан адамдар кірпіш қоршауға қысылып, қоршау да құлаған. 29 жастағы жүкті әйел, оның 2 жасар ұлы және көршілердің 5 жасар қызы қаза тапты. Кейін анықталғандай, көлікті жергілікті мектептің 52 жастағы мұғалімі басқарған, ол сараптама бойынша алкогольдік масаң күйде болған.