Қазақстандық шахматшы Бибисара Асаубаева Сент-Луисте өтіп жатқан Cairns Cup-2026 әйелдер супертурнирінің екінші турында үндістандық гроссмейстер Вайшали Рамешбабумен тең ойнады. Қатар өтіп жатқан ерлер турнирі Sinquefield Cup-2026-да Асаубаеваның жігіті, өзбекстандық Жавохир Синдаров Вайшалидің ағасы Прагнанадха Рамешбабудан ұтылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Жақында өткен претенденттер турнирінде үндістандық шахматшы Асаубаевадан небәрі 0,5 ұпайға озып, қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен әлемдік тәж үшін матчқа дайындалып жатыр. Кипрде қарсыластар екі рет тең ойнаған болатын, ал Сент-Луисте Рамешбабу сәтсіз старт алып, отандасы Дивья Дешмукхтан ұтылғандықтан, Асаубаевамен ойын ол үшін өте маңызды еді.

Ақ түспен ойнаған Асаубаева басымдыққа жете алмады. 38-ші жүрісте позицияның үш рет қайталануына байланысты тең ойын тіркелді. Турнирде американдық Элис Ли мен қытайлық Тань Чжунъи екі ұпайдан жинап, көш бастап тұр. Үшінші турда Асаубаева қара түспен Лимен ойнайды.

Жүлде қоры 250 000 долларды құрайтын беделді Cairns Cup супертурнирі американдық шахматтың Меккесі аталатын Сент-Луисте (Миссури штаты) өтуде. Турнир Сент-Луис шахмат клубының негізін қалаушылардың бірі, Әлемдік шахмат даңқ залының мүшесі Джинн Кэрнс Синкфилдтің құрметіне аталған. Арнайы шақырту алған он шахматшы бір айналымда ойнайды. Уақыт бақылауы классикалық: 40 жүріске 90 минут, содан кейін ойын соңына дейін 30 минут, әр жүріске біріншіден бастап 30 секунд қосылады.

Сент-Луисте қатар ерлер турнирі Sinquefield Cup-2026 өтуде, ол да Джинн Кэрнс Синкфилдтің құрметіне аталған. Жүлде қоры 475 000 доллар болатын бұл жарысқа шахмат тәжіне үміткер өзбекстандық Жавохир Синдаров қатысуда. Екінші турда Асаубаеваның жігіті қара түспен Вайшалидің ағасы Прагнанандха Рамешбабумен ойнап, 95-ші жүрісте берілді.