Венгрия астанасы Будапештте өткен Total Chess Pilot 2026 халықаралық шахмат турнирінде топтық кезең аяқталып, қазақстандық Бибисара Асаубаева плей-оффқа шықты. Онда оның қарсыласы бұрынғы әлем чемпионы Магнус Карлсен болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Соңғы бесінші турда Асаубаева француз гроссмейстері Максим Вашье-Лагравпен екі партия ойнады: біріншісінде жеңіліп, екіншісін тең аяқтады.
Осы нәтиже қазақстандық шахматшыға D тобында он ұпаймен бесінші орынға тұрақтауға мүмкіндік берді. Оның еншісінде екі жеңіс, төрт тең ойын және сонша жеңіліс бар. Қорытынды кестеде Асаубаева тек үнді шахматшысы Вайшали Рамешбабуды ғана басып озды.
Турнир регламентіне сәйкес, титул үшін күресті төрт топтың жеңімпаздары жалғастырады: Максим Вашье-Лаграв, оның отандасы Алиреза Фирузджа, америкалық Фабиано Каруана және нидерландық Аниш Гири.
Қалған қатысушылар топтық кезеңдегі орындарына қарай плей-оффтың төрттіктерін құрайды. Осылайша, Асаубаева өз топтарында бесінші болған гроссмейстерлермен қорытынды 17–20 орындар үшін таласады.
Плей-офф басында қазақстандық шахматшы норвегиялық Магнус Карлсенмен кездеседі. Ол — бұрынғы әлем чемпионы әрі тарихтағы ең көп титул алған шахматшылардың бірі. Топтық кезеңде ол тоғыз рет тең ойнап, бір рет жеңіліс тапты. Олардың торында сондай-ақ америкалық Эндрю Хонг пен бейтарап мәртебеде өнер көрсететін ресейлік Владислав Артемьев бар.
«Бүгін бірінші партияны тең аяқтадым, екіншісінде жеңілдім. Аңдамай қалдым, шаршадым... Ертең көптен күткен демалыс, одан кейін Магнуспен матч. Білесіздер ме, турнирге дейін ата-анам онымен ойнайсың ба деп сұраған. Мен жоқ деп жауап бердім. Мен де, көбісі де оның бірінші-екінші, ең көбі үшінші орыннан шығады деп күттік, ал менің онымен бір топқа түсуім қиын болады деп ойладық. Мен бесінші орыннан шықтым, ол да солай», — деді Асаубаева өзінің Telegram-арнасында.
Total Chess Pilot 2026 плей-оффы 17–20 қараша аралығында жалғасады.


