Қазақстандық актриса әрі продюсер Әсел Сәдуақасова Instagram парақшасында жазылушы әйелдермен артық салмақтан арылуға көмектескен тамақтану ережелерімен бөлісті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сәдуақасованың айтуынша, осы ережелердің арқасында ол 12 кг салмақ тастаған. 5 жылдан бері пайдалы әдеттерге сүйеніп, өзіне қолайлы салмақты ұстап отыр.

«№1 ереже. Бұл — су. Бұрын мен газдалған сусын, компот, морс, фреш сияқты барлық сусынды ішетінмін, ал таза суды өте аз іштім. Күніне ең көбі бір стақан. Біртіндеп бұл әдетті өзгерте бастадым», — деді ол.

Енді актриса тәтті сусындардан бас тартып, тек су ішеді. Күніне 1,5–2 литр су ішеді.

«№2 ереже. Тамақ жеген кезде су ішпеймін. №3 ереже. Соңғы тамақты ұйқыға 3-4 сағат қалғанда жеймін. Бүкіл ағзаға демалыс беруге тырысамын. №4 ереже. Біртіндеп ұннан жасалған және тәтті тағамдарды шектедім», — деп бөлісті Әсел Сәдуақасова.