
- 03 шіл. 2025 01:09
- 29
Асхат Аймағамбетов: «Мұғалім TikTok жұлдызы емес, үлгі болатын тұлға»
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ұстаздардың әлеуметтік желідегі әрекеттеріне қатысты пікір білдіріп, олардың қоғамдағы бейнесі мен беделіне нұқсан келтірмеуге шақырды. Бұл туралы ол Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
«Иә, қазіргі заман — TikTok, Instagram, Netflix дәуірі. Бірақ мұғалімнің бейнесі, директордың бейнесі деген ұғым бар. Балаларға жақын болу маңызды, бірақ ұстаз — тәрбие мен білім берудің символы. Сол бейнені сақтау керек», — деді депутат.
Асхат Аймағамбетов TikTok-қа жаппай еніп кеткен мұғалімдердің кейбір әрекеттері қоғамда сұрақ туғызатынын жеткізді. Оның сөзінше, оқушылармен қарым-қатынас жасауда жаңашылдық қажет, алайда ол ар-намыс пен кәсіби этика шеңберінен шықпауы тиіс.
«Рилс түсіру — өз алдына бір бағыт. Бірақ әр нәрсенің орны бар. Балалармен әзіл айтып, тренд қуып кетудің қажеті жоқ. Бұл мәселеде министрлік нақты ұстаным қалыптастыруы керек», — деді Аймағамбетов.
Экс-министр қазіргі уақытта өзі де ұстаздық қызмет атқарып жүргенін айтып, ұстаздың беделі мен имиджі — тек білім емес, тәрбиенің де өлшемі екенін еске салды.