Мемлекет басшысының жарлығымен Асқарбек Ертаев Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қала берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Еске салайық, биылғы жылдың қаңтарында Қасым-Жомарт Тоқаев Асқарбек Ертаевты осы лауазымға тағайындау туралы жарлыққа қол қойған еді. Ақорданың мәліметінше, шенеунік өз қызметін сақтап қалды.
Еңбек министрлігі сайтының деректеріне сәйкес, Асқарбек Ертаев 1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін және «НҰР» Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының маманы ретінде бастаған. 2000 жылдан 2014 жылға дейін банк секторында жұмыс істеген.
2014 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сауда комитетінің бас сарапшысы міндетін атқарушы болды. 2014 жылдан 2021 жылға дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінде бас сарапшы, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары, департамент директоры қызметтерін атқарды.
2021 жылдан 2022 жылға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік кеңесінің аналитикалық бөлімі секторының меңгерушісі болды. 2022 жылдан 2023 жылға дейін — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, ҚР Үкіметі Аппаратының экономикалық бөлімінің меңгерушісі.
2023 жылдан 2024 жылға дейін — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы. 2024 жылдан 2025 жылға дейін — Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 2025 жылдан 2026 жылға дейін Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметін атқарды.


