Бельгиялық жүк әуекомпаниясы ASL Airlines Belgium ұшақтары Алматы халықаралық әуежайында жанармай құя бастайды. Тиісті келісімшартты «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны – «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС жасасты. Жоба Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға және халықаралық жүк тасымалдаушыларды тартуға бағытталған, деп хабарлайды infohub.kz.
Компанияда атап өткендей, ынтымақтастық Мемлекет басшысының Қазақстанды Еуразиядағы негізгі авиациялық және көліктік-логистикалық хабтардың бірі ретінде нығайту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Келісімге сәйкес қазақстандық тарап еуропалық тасымалдаушының рейстеріне халықаралық сапа стандарттарын сақтай отырып қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
Бұл Алматы әуежайының Азия мен Еуропа арасындағы әуе бағыттарының қиылысындағы тиімді орналасуының арқасында транзиттік техникалық қонулар мен халықаралық жүктерді өңдеу үшін тартымдылығын арттырады деп күтілуде. Компанияда ASL Airlines Belgium-мен ынтымақтастық халықаралық әуе тасымалдаушыларының қазақстандық авиажанармаймен қамтамасыз ету инфрақұрылымына сенімін көрсететінін атап өтті.
ASL Airlines Belgium 1999 жылы құрылып, бұрын TNT Airways деген атпен жұмыс істеген. Қазір әуекомпания халықаралық ASL Aviation Holdings тобының құрамына кіреді және Boeing 737 және жүк Boeing 747-400ERF ұшақтарынан тұратын әуе паркін пайдаланады. Тасымалдаушы Еуропа, Қытай және АҚШ-ты байланыстыратын бағыттар бойынша тұрақты рейстерді орындайды, сондай-ақ Бельгияның Льеж қаласындағы базалық әуе торабын басқарады және FedEx-TNT экспресс-тасымалдаушысы үшін логистикалық операцияларды қамтамасыз етеді.
«ҚазМұнайГаз-Аэрода» әлемнің жетекші жүк әуекомпанияларымен ынтымақтастықты кеңейту қызметтің басым бағыттарының бірі болып қалатынын атап өтті. Компания халықаралық серіктестікті одан әрі дамытуды, қатысу географиясын кеңейтуді және Қазақстан әуежайларында авиациялық отын жеткізу кезінде қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.


