Қазақстан астанасындағы ескі Астана-1 теміржол вокзалының реконструкциясы қарқынды жүріп жатыр. Жұмыстар аяқталған соң вокзал алаңы 500 шаршы метрге ұлғайып, 8,7 мың шаршы метрге жетеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазіргі уақытта нысанда ғимараттың шатыры мен қасбетін орнату, перрон мен конкорс өткелін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ішкі әрлеу жұмыстары, сумен жабдықтау, кәріз, жылу, электрмен жабдықтау, желдету және байланыс жүйелерін монтаждау қатар атқарылуда. Реконструкцияға 255 маман мен 12 бірлік құрылыс техникасы жұмылдырылған.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жұмыстар аяқталғаннан кейін вокзал қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділіктің заманауи талаптарына сай болатынын уәде етеді. Жолаушыларға арналған жаңа эскалаторлар, лифтілер мен көтергіш платформалар орнатылып, пандустар, ана мен бала бөлмелері, заманауи санитарлық бөлмелер мен күту аймақтары жабдықталады.

«Модернизация аясында заманауи бейнебақылау, өрт дабылы, кіруге бақылау және жолаушыларды хабардар ету жүйелері енгізілуде. Сонымен қатар жаңа LED-экрандар орнатылып, дауыстық хабарлау жүйелері, жиһаз бен технологиялық жабдықтар жаңартылуда», — деп мәлімдеді ведомстводан.

Астана-1 станциясының жолаушылар ағыны 2026 жылдың жеті айында 1,8 миллион адамнан асты. Оның ішінде 908 мыңнан астам жолаушы астанадан жөнелсе, 977 мыңнан астамы Астанаға келген.

Бұған дейін «Курсив» Астана-1 вокзалының мердігеріне мерзімге үлгеру үшін жұмысты жеделдету тапсырылғанын хабарлаған болатын.