Жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі — Astana AI Film Festival-ға әлемнің 90 елінен 1900-ден астам өтінім түсті. Бұл фестиваль қорының Қамқоршылық кеңесінің отырысында белгілі болды. Онда конкурстық бағдарлама, Astana Digital Bridge аясындағы іс-шараны дайындау, сондай-ақ Астананың қатысушылар мен қонақтарды қабылдауға дайындығы талқыланды, деп хабарлайды infohub.kz.
Ең көп жұмыс АҚШ-тан түсті — бұл барлық өтінімнің 17%-ы. Екінші орында Үндістан — 10%, Қазақстан — 8%. Оңтүстік Корея мен Қытайға 5%-дан, Ұлыбританияға 4%, Ресей мен Гонконгқа 3%-дан тиесілі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өтінімдердің кең географиясы кәсіби қауымның кино өнерінде жасанды интеллектті қолдануға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Фестивальдің халықаралық қазылар алқасына ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одре Азуле, China Film Group өкілі Ма Пин және Пекин киноакадемиясының өкілі Ван Хао кірді. Astana AI Film Festival-дың бас серіктесі — Freedom Holding Corp.
Astana AI Film Festival 2026 жылдың 1-3 қазаны аралығында Астанада Astana AI Week аясында өтеді. Бас конкурс «The future worth living in» — «Өмір сүруге тұрарлық болашақ» тақырыбында өтеді. Жүлде қоры — 1 миллион доллар.
Негізгі конкурстан бөлек, бес номинациядан тұратын ашық секция қарастырылған. Өтінімдерді қабылдау тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Фестивальдің ресми бағдарламасындағы фильмдер алғаш рет Астанадағы Chaplin кинотеатрының үлкен экранында көрсетіледі. Іскерлік бағдарлама Digital Bridge форумы аясында өтіп, жасанды интеллект, кино және цифрлық шығармашылық саласындағы халықаралық сарапшылардың қатысуымен пленарлық және панельдік сессиялар, воркшоптар мен шеберлік сыныптарын қамтиды.
Отырысқа қатысушылар Қытаймен ынтымақтастықты ерекше атап өтті. AI-кино саласындағы Қазақстан-Қытай инновациялық алмасу форумының қорытындысы бойынша Astana AI Film Festival қоры Beijing Zhongguancun Tongli Technology Service Co., Ltd. компаниясымен меморандумға қол қойды. Қытайлық компания фестивальдің ҚХР-дағы ресми өкілі болды.
Фестивальді өткізу мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауымен байланыстырылуда.


