Астана тұрғыны түнгі уақытта рұқсат етілген шу деңгейінен асып кеткені үшін жүргізушілерге автоматты түрде айыппұл салу үшін елордадағы ақылды камераларды микрофондармен жабдықтауды ұсынды. Оның айтуынша, автомобильдер мен мотоциклдердің шуы мыңдаған қала тұрғындарының ұйқысын бұзады, деп хабарлайды infohub.kz.

Идея авторы атап өткендей, жыл сайын жазда елорда көшелері түнгі жарыс пен «кімнің қозғалтқышы қаттырақ» деген сайыстарға айналады. Мұндай түнгі ойын-сауықтан әсіресе кішкентай балалы отбасылар, қарт адамдар мен жұмыс істейтіндер зардап шегеді.

«Біз жылдамдықты асыруды, белбеуді және басқа да бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін мыңдаған ақылды камераларды орнаттық. Неге олардың кейбірін рұқсат етілген шу деңгейінен асып кетуді де тіркейтін сертификатталған микрофондармен жабдықтамасқа?» — деді ол.

Егер түнде автомобиль немесе мотоцикл шу нормасынан асып кетсе, оның иесіне автоматты түрде айыппұл салу ұсынылады. Бастамашы мұнда бірнеше артықшылықты көреді: көшелерде тыныштық орнайды, түнгі жарыстардың саны азаяды, ал бюджетке жаңа салықтар енгізбестен қосымша қаражат түседі.

«Әрине, бұл үшін нақты нормативтер, сертификатталған жабдық және ашық шағымдану тетігі қажет. Бірақ технологияның өзі әлдеқашан бар», — деп қорытындылады автор.

Бұған дейін Астанада камералар жаяу жүргіншілер өткелдерінде жаңа бұзушылықты тіркей бастағаны хабарланған.