Астанада вандализм фактілері жиілеп кетті: бұзақылардың әрекетінен аялдамалар, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен мүсіндер зардап шегуде. Бұл туралы әлеуметтік желілерде елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оның айтуынша, Астанада бөтен және коммуналдық мүлікті бүлдіргені үшін 143 адам жауапкершілікке тартылған, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Сонымен қатар елордада қоғамдық орындарды ластауға байланысты 928 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.

«Қалалық инфрақұрылымды бүлдіре отырып, бұзақылар тек қалаға ғана зиян келтіріп қоймай, барлық тұрғын мен елорда қонақтарына — соның ішінде күн сайын осы көшелермен жүретін өз туыстары мен жақындарына да қолайсыздық туғызады», — деп жазды Қасымбек.

Әкімнің мәлімдеуінше, полиция көшелерді күн сайын патрульдеп, бұзақыларды анықтап жүр. Қалада бейнебақылау камераларының саны артып, есірткі жарнамасы бар граффитилер жойылуда.

«Заңға сәйкес қоғамға жат қылықтар қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін қатаң жазаланады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған бұзақылардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылады. Барлық тұрғын мен елорда қонақтарын біз өзіміз, туыстарымыз бен жақындарымыз тұратын қаламызға ұқыпты қарауға шақырамын», — деді әкім.

Бұған дейін «Курсив» Астанадағы Журналистер аллеясында вандализм жасады деп 18 жастағы жігіт пен жасөспірімге күдік салынғанын жазған. Ал Шымкентте вандалдар жаңа сквердегі шахмат беседкасын бүлдіріп тастаған.