Астанада 39 жастағы әйел алаяқтық бойынша қылмыстық іске тартылды: тергеу мәліметінше, ол бұрыннан таныс әйелден пәтер сатып алуға көмектесемін деп 1,5 млн теңге алған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл туралы Астана қалалық полиция департаменті Instagram парақшасында мәлімдеді. Күдіктінің жәбірленушімен бұрыннан таныс екені анықталды — екеуі бұрын бір қалада тұрған.
«Сөйлесу барысында күдікті құрылыс компанияларында таныстары бар екенін, олар пәтер алуға көмектесе алатынын айтқан. Уәдеге сенген жәбірленуші әйелге алдын ала төлем ретінде 1,5 млн теңге берген. Содан кейін күдікті ұзақ уақыт бойы тұрғын үй алу мәселесін шешемін деп уәде беріп, кейін байланысқа шықпай қойған», — деді полицияда.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 39 жастағы әйел тұрғылықты жерінде ұсталды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция азаматтарды жылжымайтын мүлік мәмілелерін жасағанда сақ болуға, ұсыныстардың шынайылығын тексеруге және тиісті құжатсыз ірі көлемде ақша бермеуге шақырады.


