Астана тұрғыны ата-аналарға балаларын балабақшаға орналастыруға уәде беріп, тоғыз отбасын алдаған. Зардап шеккендер оған жалпы 590 мың теңге аударған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алаяқтық схемасы туралы елордалық прокуратура мәлімдеді. Іс материалдарына сәйкес, әйел сегіз ай бойы 2ГИС қосымшасы арқылы баласын мектепке дейінгі мекемеге бергісі келген ата-аналарды іздеген. Олармен байланысқа шығып, өз қызметін ұсынып, таныстары арқылы балабақшадан орын алуға көмектесетініне сендірген.

Оған сенген азаматтар жалпы 590 мың теңге аударған. Алдау құрбандары тоғыз ата-ана болды.

«Сот үкімімен оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Зардап шеккендердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды», — деп қосты прокуратурада.

Осыған байланысты қазақстандықтарды сақ болуға және мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарды бөлу мәселесі бойынша тек ресми порталдар мен уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге шақырды.