19 қыркүйектен бастап Астанада еліміздің өңірлерінен келген фермерлер мен өндірушілер қатысатын ауылшаруашылық жәрмеңкелері басталады. Өнім қазан айының соңына дейін демалыс күндері сатылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сауда «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтеді. Мекенжайы: Қарқаралы тас жолы, 1. Жәрмеңкелер келушілер үшін сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін ашық болады.
Жәрмеңкелердің жұмыс кестесі өңірлер бойынша былай бөлінген:
19–20 қыркүйек — Қызылорда және Атырау облыстары;
26–27 қыркүйек — Абай, Алматы және Маңғыстау облыстары;
3–4 қазан — Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары;
10–11 қазан — Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары;
17–18 қазан — Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстары;
24–25 қазан — Қарағанды және Қостанай облыстары.
Жәрмеңке аясында елорда тұрғындары мен қонақтары ет, балық, сүт өнімдері, бакалея, көкөніс, жеміс-жидек және өзге де отандық тауарларды сатып ала алады.
Келушілерге қолайлы болу үшін жәрмеңке өтетін жерге автобус қатынасы ұйымдастырылады. Атап айтқанда, №18, 37 және 303 бағыттары жүреді.
Әкімдік мәліметінше, былтыр өңірлік ауылшаруашылық жәрмеңкесіне 17 өңірден 600-ден астам өндіруші қатысқан. Оның барысында 10 мың тоннадан астам өнім сатылған.
Бұған дейін «Курсив» Астанада 12 және 13 қыркүйекте тұрғындар ауылшаруашылық жәрмеңкелерінен ет, көкөніс, жеміс-жидек, сүт және ұн өнімдерін сатып ала алатынын хабарлаған.


