Астанада қоғамдық көлікте қолма-қол ақшамен жүру ақысын қайтару жоспарланып отыр. Алайда бұл жағдайда жолаушы қолма-қол төлегенде, қолма-қол емес есеп айырысуға қарағанда екі есе қымбат төлейді. Бұл туралы Астана әкімдігінің қаулы жобасында айтылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жаңашылдықтар қарапайым қалалық автобустарға ғана емес, экспресс, әлеуметтік маңызы бар және қала маңы бағыттарына да қатысты болады.

Қаулы жобасына сәйкес, жүру құны төлем әдісіне және бағыт түріне байланысты болады. Қарапайым қалалық автобустарда қолма-қол емес төлем кезінде жүру ақысы 110 теңгеден 150 теңгеге қымбаттайды, ал қолма-қол төлегенде 300 теңге болады.

Экспресс бағыттарда тарифтер мынадай болады: қолма-қол емес төлем кезінде бұрынғы 250 теңгенің орнына 300 теңге және қолма-қол төлегенде бұрын белгіленген 350 теңгенің орнына 400 теңге.

Қала маңы бағыттарында жүру құны әр километр үшін есептеледі. Қолма-қол емес төлем кезінде тариф 9,5 теңгеден 13 теңгеге дейін өседі, ал қолма-қол төлегенде 14 теңгеден 19 теңгеге дейін.

Әлеуметтік маңызы бар бағыттар үшін қарапайым қалалық автобустардағыдай тарифтер ұсынылады: қолма-қол емес төлем кезінде 150 теңге және қолма-қол 300 теңге. Жеңілдікті көлік карталары бар жолаушылар үшін тегін жүру сақталады.

Жобада сондай-ақ электрондық төлем жүйесі істемей қалған жағдайда, қолма-қол емес тәсілмен төлеуді жоспарлаған жолаушылар тегін жүре алатыны көрсетілген.

Елорданың қоғамдық көлігінде қолма-қол ақшамен төлеу 2020 жылдың наурызында, коронавирус пандемиясы кезінде тоқтатылған болатын. Сонда билік жолаушылардың жүргізушілермен байланысын шектеп, жүру ақысын тек қолма-қол емес тәсілмен төлеуге рұқсат етті. Сонымен қатар, әкімдік құжаттарында қолма-қол төлеу тарифтері көрсетіле берді. Мысалы, 2024 жылғы шілдедегі қаулыда қарапайым жүрудің қолма-қол құны 220 теңге болды. Енді жаңа жоба да қолма-қол төлеуді қарастырады, бірақ жоғарырақ тарифтермен. Алайда құжатта жолаушылардың автобустарда қолма-қол қалай төлей алатыны және бұл мүмкіндік қашан пайда болатыны нақтыланбаған.

Бұған дейін «Курсив» Астана әкімдігі 2026 жылдың 1 желтоқсанынан бастап қалалық автобустарда қолма-қол емес төлем кезінде жүру құнын 110 теңгеден 150 теңгеге көтеруді жоспарлағанын жазған. Билік тарифтерді көтеру қажеттілігін тасымалдаушылардың шығындарының өсуімен түсіндірді. Әкімдік дерегінше, 2014 жылдан бері дизель отынының бағасы 107 теңгеден 329 теңгеге дейін қымбаттады. Осы уақыт ішінде жүргізушілердің жалақысы да өсті. Бұрын олар орта есеппен 100–150 мың теңге алатын болса, қазір автобус сыныбы мен жұмыс кестесіне қарай табыстары 700 мың теңгеден басталады.

«Курсивке» Астананың көлік басқармасында нақтылағандай, қаулы жобасы әлі қоғамдық кеңес пен мәслихатта келісуден, содан кейін Әділет министрлігінде тіркелуден өтуі тиіс. Жаңа тарифтер қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күннен соң күшіне енеді. Осылайша, егер құжат барлық қажетті рәсімдерден өтсе, көтерілген тарифтер желтоқсанда қолданысқа енуі мүмкін. Сол кезде елорда автобустарында қолма-қол төлеу қайтарылуы ықтимал.