Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот автосалон менеджеріне үкім шығарды. Ол жалған құжаттар арқылы сегіз JAC J7 көлігін алып шығып, түскен ақшаны компания кассасына өткізбей сатып жіберген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сот анықтағандай, сатылған сегіз көліктің құны 53,1 млн теңге болған. Сатып алушылардан түскен ақшаны менеджер ұйым кассасына тапсырмаған.
2026 жылдың қаңтарында ол тағы бір клиентке үш JAC көлігін арзандатылған бағамен ұсынған. 16,5 млн теңге алып, көліктерді сатып алушыға бермеген, ақшаны өз қалауынша жұмсаған. Жалпы шығын 69,6 млн теңгеге жеткен.
Алғашқы эпизодты тергеу бөтен мүлікті иемдену деп саралаған. Алайда сот айыптау бабын «алаяқтыққа» өзгертті, себебі көліктер менеджерге сеніп тапсырылмаған.
«Ол оларды материалдық жауапкершілікке алмаған, сақталуына жауап бермеген және оларды өз бетінше сатуға, сатып алушыларға беруге өкілеттігі болмаған», — деп түсіндірді сотта.
Прокурор сегіз жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот өкінуін, кішкентай баласының барын және соттылығының жоқтығын ескеріп, ер адамды алты жылға соттады. Сонымен қатар оған коммерциялық ұйымдарда тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты лауазымдарды сегіз жылға атқаруға тыйым салынды.
Жәбірленушілердің талап-арыздары қанағаттандырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Астанада басқа автосалонның директоры алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылған. Ол алты клиентке Қытайдан көлік әкелемін деп уәде беріп, сатып алушылардың ақшасын жұмсап жіберген. Шығын 128 млн теңгеден асқан.
Алматыда Sanzhar Rulit менеджері көлік үшін 16,9 млн теңге төлеген жұпты алдағаны үшін алты жылға сотталған. Сатып алушылар көліксіз қалған, ал шарттағы басшының қолы мен мөрі жалған болып шыққан.


