Астанадағы автосалондардың бірінің сату жөніндегі менеджері екі көлік иесін Changan CS55 Plus және Toyota Camry автомобильдерін үшінші тұлғаға қайта ресімдеуге көндіріп, сатудан түскен қаражатты иемденіп кеткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана прокуратурасының мәліметінше, зардап шеккендер көліктерін кейін сату үшін автосалонға тапсырған. Менеджер сатып алушыларды тауып қойғанын айтып, иелерін көліктерді үшінші тұлғаға аударуға көндіріп, ақшаны бірнеше күннен кейін алатындарына сендірген.

Қайта ресімдеуден кейін ер адам ақшаны өз қалауынша жұмсаған. Көлік иелеріне келтірілген жалпы шығын 23 миллион теңгені құрады.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Сот оны алаяқтық үшін кінәлі деп танып, 3 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сондай-ақ зардап шеккендердің материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Прокуратура мүліктік қылмыстар мүлікті тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін екенін еске салды.