Қазақстан мен Таиланд астаналары арасында тікелей әуе қатынасы желтоқсанда ашылады — Астанадан Бангкокқа рейстерді Air Astana әуекомпаниясы орындай бастайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Көлік министрлігінің мәліметінше, Астана — Бангкок бағыты бойынша ұшулар 2026 жылғы 11 желтоқсаннан басталады. Олар аптасына екі рет Airbus A321LR ұшақтарымен орындалады.

Бұған дейін Қазақстаннан Таиландқа тек Алматы мен Шымкенттен ғана жетуге болатын. Енді осы қалаларға республика астанасы да қосылады.

Жаңа әуе бағыты іске қосылған соң Қазақстан мен Таиланд арасындағы рейстердің жалпы саны төрт бағыт бойынша аптасына 20-ға жетеді. Қазір Таиландқа мына бағыттар бойынша ұшулар орындалады: Алматы — Пхукет, 7 рейс (Air Astana); Алматы — Бангкок, 9 рейс (Air Astana — 6, Thai AirAsiaX — 3); Шымкент — Бангкок, 2 рейс (SCAT).

«Екі мемлекет астанасы арасындағы жаңа бағыт туристік және іскерлік сапарлар мүмкіндіктерін кеңейтіп, Қазақстан мен Таиланд арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді», — деп сенеді Көлік министрлігінде.