Астанадағы түнгі клубтардың бірінде полицейлер күшті әсер ететін заттардың сатылуын тоқтатты. Барда сатуға дайын «шарлар» табылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Астана полиция департаментінің Instagram-парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, елорданың ойын-сауық мекемелеріне жүргізілген рейд кезінде полицейлер есірткіге жатпайтын күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымын анықтады.
«Түнгі мекемелердің бірінде «шарлар» деп аталатын заттар тікелей барда сатылған. Оларды тұтыну үшін қонақтарға арнайы бөлме бөлінген», — делінген хабарламада.
Тексеру кезінде полиция қызметкерлері үш баллонды және сатуға дайын «шарларды» тәркіледі. Оларды сатуға мекеменің 22 жастағы әкімшісі қатысы бар екені анықталды.
«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», — деп қосты полицияда. Полиция күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салды.
«Сананы өзгертетін кез келген зат психика мен денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді. Барлық анықталған бұзушылықтар қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде жолын кесіледі», — деп ескертті ведомство.


