Астананың Байқоңыр ауданындағы базарлардың бірінде тандыр самсасын дайындайтын жерде жарылыс болды. Оқиға салдарынан төрт адам, соның ішінде бір бала, зардап шекті. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.

Төтенше жағдай Жиенқұлова көшесіндегі екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында болды. ТЖМ мәліметінше, газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Соққы толқынынан төбе жабыны мен есік ойығы ішінара опырылып түсті. Алдын ала болжам бойынша, себеп — көлемі 50 литр болатын композитті газ баллонының герметикалығының бұзылуы.

Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, екі ересек адам №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды, бір бала №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілді, ал тағы бір зардап шеккен адам тексеруден кейін амбулаториялық емдеуге жіберілді. Оқиға орнында ТЖМ бөлімшелері мен жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Жарылыстың нақты мән-жайы мен себептері анықталуда.