Әлемнің басты қалаларының біріне Астанадан ұшу оңайырақ бола түсті: Air China әуекомпаниясы Қазақстан астанасынан Бейжіңге рейс жиілігін аптасына алты ретке дейін арттырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметінің мәліметінше, тамыз айының басынан бастап Air China әуекомпаниясы Астана халықаралық әуежайынан Бейжіңге рейс жиілігін аптасына алты ретке дейін арттырған. Үш рейс Астана — Бейжің бағыты бойынша тікелей орындалса, тағы үшеуі Астана — Сиань — Бейжің бағытымен жүзеге асырылады.

«Рейс жиілігінің артуына байланысты Қазақстан астанасының тұрғындары Қытайға сапарларын жоспарлауда көбірек мүмкіндікке ие болды. Енді саяхатшылар өз жоспарларына қарай ең қолайлы нұсқаны таңдай алады: Астанадан Бейжіңге тікелей рейспен ұшу немесе Сиань арқылы Қытай астанасына бару», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, баспасөз қызметі рейс санының артуы туристік және іскерлік сапарлар үшін саяхат күндерін икемді таңдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Астана — Сиань — Бейжің бағытындағы рейстер дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері орындалады. Ал Астана — Бейжің бағыты бойынша — сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері.